Қазақстан • 16 Мамыр, 2017

Оңтүстікте жылыжайлар көлемі көбейіп келеді

213 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістандағы Шаға ауылдық округінде «Ерасыл» шаруа қожалығы жақсы жетістіктерге жете бастады.

Оңтүстікте жылыжайлар көлемі көбейіп келеді

Жыл басында іске қосылған жылыжайдың көлемі 0,35 гектар. Ерғали Жолдасбековтің иелігіндегі кореялық құрылғымен жабдықталған жылыжайдың қаржылық құны 70 млн теңге. Бүгінде мұнда егілген қиярдан 36 тонна өнім жиналып отыр. Негізгі қуаттылыққа жеткен кезде бұл жылыжайдан гектарына 150 тонна өнім алуға болады.

Бүгінде Түркістан қаласында жылыжайлардың жалпы көлемі 50,6 гектарды құрайды. Оның ішінде өнеркәсіптік жылыжайлар – 10,5 гектар. 2016 жылы жылыжайлардан көктемгі және күзгі ауысымда орта есеппен 1040 тонна қызанақ, 1130 тонна қияр, 90 тонна басқа да көкөністер, 200 мың дана гүл, барлығы 2260 тонна көкөніс өндірілген. Қазіргі таңда жергілікті жердегі жылыжайларда өндірілген қызанақпен қала тұрғындары 45, қиярмен 67 пайызға қамтамасыз етілуде.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»